Дастан Сәтпаев Ұлыбританиядағы қазақстандық студенттермен кездесті
Жас футболшының кездесуге келуі студенттер үшін тосынсый болды.
kazakhembassy_uk
Ұлыбританияның жоғары оқу орындарында білім алып жүрген қазақстандық студенттер Халықаралық студенттер күнін ерекше жағдайда атап өтті. Мерекелік кеш жастардың басын қосып қана қоймай, елден жырақта жүрген отандастарға рухани серпіліс сыйлаған тағылымды жүздесуге ұласты.
Кештің басты оқиғаларының бірі – Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісімен өткен жылы жүздесу болды. Ресми бөлімнен кейін қатысушыларға «Ұлы дала таңы» тарихи фильмі ұсынылды. Туынды арқылы студенттер қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне тағы бір мәрте бойлай түсті.
Ал кештің ең күтпеген әрі ерекше қонағы Қазақстан ұлттық құрамасы мен Англияның «Бёрнли» клубының шабуылшысы Дастан Сәтпаев болды.
Айта кетейік, 18 жастағы шабуылшы Лондонның «Челси» клубына тиесілі және қазіргі уақытта Чемпионшипте өнер көрсететін «Бёрнли» сапында жалға алу негізінде ойнайды.
Кездесу барысында Дастан студенттермен әңгімелесіп, естелік суретке түсті. Шетелде білім алып жүрген жастар үшін ұлттық құрама намысын қорғап жүрген жас футболшымен жүздесу мерекелік кештің есте қаларлық сәттерінің біріне айналды.