Жібек Құламбаева WTA 125 турнирінің жартылай финалына шықты
Биылғы маусымда қазақстандық теннисші жұптық сын бойынша әлемдік рейтингте жеке рекордын орнатты.
ашық дереккөзден
Жібек Құламбаева Чилидің Колина қаласында өтіп жатқан WTA 125 санатындағы турнирдің жұптық сынында жартылай финалға жолдама алды.
Отандасымыз бұл жарыста словениялық Вероника Эрьявецпен бірге өнер көрсетіп жатыр. Ширек финалда қазақстандық-словениялық жұп түркиялық Ипек Оз бен грекиялық Деспина Папамихаилді 6:0, 6:2 есебімен айқын басымдықпен жеңді.
Естеріңізге сала кетейік, Жібек Құламбаева бұған дейін Колумбияның Сопо қаласында өткен WTA 125 турнирінің чемпионы атанған болатын. Финалда ол Вероника Эрьявецпен бірге чехиялық Лора Самсон мен словениялық Тамара Зиданшек жұбын 5:7, 6:2, 14:12 есебімен ұтты.
Бұл қазақстандық теннисшінің биылғы маусымдағы WTA 125 санатындағы екінші титулы болды. Бұған дейін қыркүйек айында Португалияда өткен осы деңгейдегі жарыста да топ жарған еді.
Сонымен қатар 16 қарашада Жібек Құламбаева WTA жұптық рейтингісінде 86-орынға көтерілді.