Михаил Шайдоров бапкерін ауыстырады
Михаил Шайдоров жаңа олимпиадалық циклге жаңа командамен дайындалады.
ашық дереккөзден
Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров жаңа спорттық циклді басқа бапкерлік құраммен бастайды. Оның ресейлік маман Алексей Урмановпен келісімшарты тоқтатылды.
Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді. Министр Алексей Урмановқа атқарған еңбегі үшін алғыс айтып, маманның қазақстандық мәнерлеп сырғанаудың дамуына қосқан үлесін атап өтті.
«Біз өз тарапымыздан Алексей Урмановқа зор алғыс білдіргіміз келеді. Ол өзі Олимпиада алтынын жеңіп алған және Олимпиада чемпионын тәрбиелеуге көмектескен маман. Осы үш жыл ішінде Михаилдың командасымен ауқымды жұмыс атқарылды. Алексей Урманов Қазақстанның жаңа буын спортшыларымен де жұмыс істейді деп үміттенеміз», - деді министр.
Сондай-ақ министрдің айтуынша, енді Михаил Шайдоров алдағы жарыстарға дайындалу және күрделі элементтерді меңгеру үшін өзіне қолайлы бапкерлік құрамды таңдауға мүмкіндік алады. Осылайша, қазақстандық спортшы жаңа олимпиадалық циклге жаңа командамен қадам баспақ. Ал Алексей Урмановтың Қазақстандағы бапкерлік қызметін жалғастыруы мүмкін.