Дзюдодан әлем чемпионаты: Қазақстанның жеті спортшысы алғашқы жарыс күнінде жүлдесіз қалды

18 қазақстандық дзюдошы жастар арасындағы әлем чемпионатында ел намысын қорғауда.

Дзюдодан әлем чемпионаты: Қазақстанның жеті спортшысы алғашқы жарыс күнінде жүлдесіз қалды ашық дереккөзден

Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионаты өтуде. Жарыстың алғашқы күнінде Қазақстан құрамасының жеті өкілі татамиге шығып, барлығы жүлдеге таласу мүмкіндігінен айырылды.

Алдымен 60 келіге дейінгі салмақта Әлішер Тұрсынәлі 1/8 финалға дейін жетті. Алайда бұл кезеңде АҚШ өкілі Джонатан Янгқа есе жіберді. 

66 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Ролан Қайырғали испаниялық Батырхан Асаналиевтен, ал Ерасыл Ержанов израильдік Том Симхаевтан жеңілді.

Қыздар арасында 48 келіге дейінгі салмақта Айнара Сейітжанова өзбекстандық Лазиза Хайдароваға жол берсе, Айзат Наукенова үндістандық Ангел Ядавтан жеңіліп қалды.

52 келіге дейінгі салмақта Нұрбала Зайнул испаниялық Марта Беорлеги Осестен басым түсе алмады.

Ал 57 келіге дейінгі салмақта Зарина Мурадасыл жапониялық Канна Маэдаға есе жіберді.
Осылайша, Қазақстанның алғашқы жарыс күнінде татамиге шыққан жеті дзюдошысының ешқайсысы жүлдеге қол жеткізе алмады. 

Айта кетейік, Ташкенттегі әлем чемпионаты 19-21 қараша аралығында өтуде. Байрақты бәсекеге 82 елден 594 спортшы қатысуда. Қазақстан құрамасы сапында тоғыз ер және тоғыз әйел дзюдошы бар. 

Ертең, 20-қараша күні ұлдар арасында - 73 кг, - 81 кг, қыздар арасында -63, -70 кг салмақ дәрежесінде спортшыларымыз жарыс жолына шығады. Іріктеу бәсекелері 8:30-ға, финалдық кезең 17:00-ге жоспарланған. 

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу