Кристина Шумекова әлем кубогының екінші кезеңінде үздік бестікке енді

Турнирде Қазақстан атынан 15 спортшы сынға түсуде.

Кристина Шумекова әлем кубогының екінші кезеңінде үздік бестікке енді ашық дереккөзден

2026/2027 жылғы маусымдағы конькимен жүгіруден әлем кубогының екінші кезеңі 20-22 қараша аралығында Жапонияның Обихиро қаласында өтуде. Байрақты бәсеке «Мэйдзи Хоккайдо-Токати Овал» мұз айдынында ұйымдастырылып, оған Қазақстан құрамасы 15 спортшысын қосты.

Атап айтқанда, ерлер арасында Нұралы Ақжол, Виталий Щиголев, Артур Галиев, Евгений Кошкин, Никита Важенин, Вадим Якубовский және Андрей Зуев ел намысын қорғаса, әйелдер арасында Алина Дауранова, Мария Деген, Арина Ильященко, Алина Шумекова, Инесса Шумекова, Кристина Шумекова, Кристина Силаева және Дарья Важенина өнер көрсетуде.

Жарыстың алғашқы күнінде отандасымыз Кристина Шумекова 1000 метр қашықтықта үздік бестіктің қатарына енді. Қазақстандық спортшы мәреге 1 минут 15,38 секунд нәтижесімен жетіп, бесінші орынға тұрақтады. Ол жеңімпаз атанған Нидерланды өкілі Ангел Далеманнан 1,68 секундқа қалып қойды.

Күміс жүлдені тағы бір нидерландылық Изабель Гревелт (1:14.66) иеленсе, қола медаль польшалық Виктория Дабровскаға (1:14.80) бұйырды.

Айта кетейік, әлем кубогының екінші кезеңінде спортшылар 1000 метрмен қатар 500 және 1500 метр қашықтықтарда, масс-стартта, командалық жарыста және аралас эстафетада бақ сынайды. Сонымен қатар әйелдер арасында 3000 метр, ерлер арасында 5000 метр қашықтықтағы бәсекелер де өтеді.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу