Асу Алмабаев пен Дияр Нұрғожай UFC турнирінде өнер көрсетуге дайын

Бүгін турнир алдында салмақ өлшеу рәсімі өтті.

Асу Алмабаев пен Дияр Нұрғожай UFC турнирінде өнер көрсетуге дайын ашық дереккөзден

21 қараша күні қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Асу Алмабаев (24-3) UFC Fight Night 294 турнирі аясында жапониялық Кёдзи Хоригутиге (36-6) қарсы октагонға шығады. Кездесу Қатардың Эр-Райян қаласындағы «Ali Bin Hamad al-Attiyah Arena» спорт кешенінде өтеді. Жекпе-жектің тікелей трансляциясы Қазақстан уақытымен шамамен сағат 23:00-ден кейін басталады. 

Турнир қарсаңында Асу Алмабаев пен тағы бір қазақстандық спортшы Дияр Нұрғожай салмақ өлшеу рәсімінен өтті. Алмабаевтың салмағы 125,5 фунтты (56,93 келі) құраса, оның жапониялық қарсыласы Кёдзи Хоригути 126 фунт (57,15 келі) көрсетті. 

Ал Дияр Нұрғожай мен оның қарсыласы Алик Лоренц жартылай ауыр салмақ дәрежесінің шегіне толық сәйкес келді. Екеуі де 205 фунт (92,99 келі) салмақ көрсетті.

UFC Fight Night 294 турнирінің басты жекпе-жегінде жартылай ауыр салмақта бұрынғы UFC чемпионы, чехиялық Иржи Прохазка мен рейтингтің бесінші сатысында тұрған жаңа зеландиялық Навахо Стирлинг кездеседі. Прохазка бұған дейін RIZIN ұйымының да жартылай ауыр салмақтағы чемпионы атанған.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу