«Барыс» Омбыда «Авангардтан» жеңіліп қалды

Астаналық клуб турнирлік кестеде 8-орынға сырғыды.

«Барыс» Омбыда «Авангардтан» жеңіліп қалды ашық дереккөзден

«Барыс» Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты чемпионаты аясында Омбы қаласында жергілікті «Авангардпен» кездесті.

Қысқа сырт алаңдағы серияның екінші матчында Самат Данияр қайта оралды. Ал қақпаны «Барыстың» жаңа ойыншысы Дмитрий Николаев қорғады.

Кездесудің алғашқы кезеңінде айдын иелері есеп ашты. Джошуа Ливо қарсылас қақпасының алдында жалғыз қалып, мүмкіндігін мүлт жібермеді. Үзіліске дейін ол сан басымдығын сәтті пайдаланып, дубль авторы атанды. Артынша Эндрю Потуральски үшінші шайбаны соғып, «Авангардтың» басымдығын арттырды.

Матчтың екінші кезеңінде Аңсар Шайхмедденов есеп айырмасын қысқартты. Ол қақпаның қапталынан дәл соққы жасап, «Барыстың» жеңіске деген үміт отын қайта жақты. Алайда кездесудің қалған бөлігінде омбылық ұжымның қорғанысы сыр берген жоқ.

Осылайша, «Барыс» сырт алаңдағы кездесуде «Авангардтан» жеңіліс тапты. Айта кетейік, астаналық клубтың қақпашысы Дмитрий Николаев дебюттік матчында 27 соққыға тосқауыл болды.

22 қарашада Михаил Кравец шәкірттері Астанада минскілік «Динамоны» қабылдайды.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу