Қазақстандық дзюдошылар жастар арасындағы әлем чемпионатында екі медаль жеңіп алды

Ташкенттегі дүбірлі додаға әлемнің 82 елінен 594 спортшы қатысты.

Қазақстандық дзюдошылар жастар арасындағы әлем чемпионатында екі медаль жеңіп алды ашық дереккөзден

Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы екі медаль иеленді. Санжар Ерұланұлы алтын жүлде жеңіп алса, Асқар Біржанов қола медальға қол жеткізді.

100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Санжар Ерұланұлы жарыс барысында Германия өкілі Даниил Спиридоновты, Италия балуаны Франческо Маццониді, Әзербайжан спортшысы Давуд Намазлиді және жартылай финалда Испания өкілі Никита Юдановты жеңді.

Ал финалда қазақстандық дзюдошы Жапония өкілі Шокей Хираномен кездесіп, қарсыласынан басым түсті. Осылайша, Санжар жастар арасындағы әлем чемпионы атанды.

Айта кетейік, отандасымыз 2024 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында да топ жарған болатын. 

Дәл осы салмақта сынға түскен Асқар Біржанов жарысты Үндістан спортшысы Харш Шарманы және Литва өкілі Маюс Генисті жеңумен бастады. Алайда ширек финалда жапониялық Шокей Хираноға есе жіберді. Жұбаныш белдесуінде Ресей балуаны Владимир Досякты ұтқан қазақстандық дзюдошы қола медаль үшін өткен кездесуде испаниялық Никита Юдановтан басым түсті.

Осылайша, Қазақстан құрамасы жастар арасындағы әлем чемпионатында бір алтын және бір қола медаль еншіледі.

Ташкенттегі әлем чемпионаты 19-21 қараша аралығында өтті. Қазақстан құрамасы сапында 18 спортшы ел намысын қорғады. 

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу