«Барыс» Минскінің «Динамосына» есе жіберді

Елордалық ұжым қатарынан үш матчта жеңіске жете алмай келеді.

«Барыс» Минскінің «Динамосына» есе жіберді ашық дереккөзден

Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты чемпионаты аясында елордалық «Барыс» өз алаңында Минскінің «Динамосын» қабылдады.

Қатарынан екі рет жеңіліс тапқан астаналық клубтың бапкерлер штабы бұл кездесуге дейін команда құрамындағы ойыншылардың өзара байланысын өзгертіп, шабуыл шептерін қайта жасақтады. Тек бір қорғаушылар жұбы мен бір шабуылшылар үштігі ғана өзгеріссіз қалды.

Матчтағы есеп екінші кезеңнің ортасында ашылды. Чейз Прискидің қақпаға бағыттаған соққысынан кейін Джастин Бэйли қайтарылған шайбаны қақпаға тоғытып, «Барысты» алға шығарды. Алайда екінші кезең аяқталар тұста Сэм Энэс төртке төрт форматындағы ойында есепті теңестірді.

Үшінші кезеңнің ортасында минскілік команда жылдам қарсы шабуыл ұйымдастырды. Осы сәтті тиімді пайдаланған Сэм Энэс екінші голын соғып, командасына жеңіс сыйлады. Қалған уақытта есеп өзгерген жоқ 1:2.

Осылайша, «Барыс» өз айдынында Минскінің «Динамосына» жол берді.

Михаил Кравец шәкірттері келесі кездесуін 25 қарашада өткізеді. Елордалық клуб Астанада «Северсталь» командасын қабылдайды.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу