Шанхайда Криштиану Роналдудың әлемдегі ең биік ескерткіші ашылды

Сондай-ақ аңыз футболшының өмірінен сыр шертетін заманауи музей де жұмысын бастады.

Шанхайда Криштиану Роналдудың әлемдегі ең биік ескерткіші ашылды ашық дереккөзден

Шанхай қаласының орталығында португалиялық футбол жұлдызы Криштиану Роналдуға арналған биіктігі жеті метрлік алып ескерткіш ашылды.

Мүсінде футболшы Португалия құрамасының жейдесімен, арқасындағы дәстүрлі жетінші нөмірімен және гол соққаннан кейінгі әйгілі «Siuuu» қимылын жасап тұрған сәтінде бейнеленген. 

Салтанатты ашылу рәсімі 21 қарашада Шанхайдың танымал жаяу жүргіншілер көшесі - Шығыс Нанкин даңғылында өтті. Ескерткіштің ашылуы футболшының өмірі мен спорттық мансабына арналған CR7 Museum Shanghai музейінің жұмысын бастаумен қатар келді.

Жалпы аумағы үш мың шаршы метрге жуық музей он тақырыптық аймаққа бөлінген. Мұнда Роналдудың мансабындағы маңызды сәттерге қатысты жәдігерлер, жеңіп алған жүлделері, ойын жейделері мен бутсылары қойылған.

Экспозицияның ерекше бөлімі футболшының балалық шағына арналған. Келушілер Португалияның Мадейра аралындағы бала Роналдудың бөлмесі қайта жасақталған көрмені тамашалай алады. Ондағы қабырғаға «Мен әлемде ең үздік болғым келеді» деген жазу да түсірілген.

Сонымен қатар музейде заманауи интерактивті мүмкіндіктер қарастырылған. Жанкүйерлер виртуалды футбол жаттығуларына қатысып, жасанды интеллект көмегімен жасалған Роналдудың цифрлық бейнесімен суретке түсе алады. Сондай-ақ футболшы мансабындағы әйгілі сәттерді қайталауға мүмкіндік бар.

Ұйымдастырушылар жастарға арналған танымдық және қайырымдылық шараларын да жоспарлаған. Әр сәрсенбі сайын музейде спорт пен футбол мәдениетін насихаттауға бағытталған арнайы бағдарламалар өткізіледі.

Дегенмен Шанхайдағы алып ескерткіш тұрақты нысан болмайды. Ұйымдастырушылар жеті метрлік мүсінді қала көшесінде 2026 жылдың желтоқсан айының соңына дейін ғана қалдыруды жоспарлап отыр. Ал CR7 Museum Shanghai музейі бір жыл бойы жұмыс істейді.

Осылайша, Роналдудың Қытайдағы жанкүйерлеріне әлемдегі ең биік ескерткіштің жанында суретке түсу үшін бір айдан сәл астам уақыт беріліп отыр.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу