«Қайрат» футзалдан Чемпиондар лигасының 1/8 финалында «Пястпен» кездеседі
Бүгін қазақстандық төрешілер де футзалдан УЕФА Чемпиондар лигасының матчында қызмет етеді.
ашық дереккөзден
Бүгін, 23 қарашада алматылық «Қайрат» футзалдан УЕФА Чемпиондар лигасының 1/8 финалындағы алғашқы матчын Польшаның «Пяст» клубына қарсы өткізеді.
Кездесу Польшаның Гливице қаласында өтіп, Астана уақытымен сағат 23:00-де басталады. Қарымта ойын 4 желтоқсанда Алматыда өтеді. «Қайрат» негізгі кезеңде алты ұпай жинап, өз тобында екінші орын алды. Ал «Пяст» Лига В тобында жеті ұпаймен көш бастады.
Биылғы маусымда Қазақстан намысын плей-офф кезеңінде тағы бір клуб – «Семей» де қорғайды. Қазақстандық команда ертең, 24 қарашада және 5 желтоқсанда украиналық «Атлетикпен» кездеседі.
Чемпиондар лигасының 1/8 және 1/4 финалдық кезеңдері екі матчтан тұрады. Ал турнирдің шешуші финалдық кезеңі 2027 жылғы 7 және 9 мамырда Швейцарияның Биль/Бьен қаласында өтеді.
Айта кетейік, бүгін Чемпиондар лигасының осы кезеңіндегі тағы бір кездесуде қазақстандық төрешілер қызмет атқарады. Төрехан Тұрсынбаев пен Нұрлыбек Қалимағанбетов Швейцарияның «Футзал Минерва» және Беларусьтің «Столица Минск» командалары арасындағы матчқа тағайындалды. Берн қаласындағы Sporthalle Weissenstein спорт кешенінде өтетін кездесу жергілікті уақытпен сағат 18:30-да басталады. Төрехан Тұрсынбаев үшінші төреші, ал Нұрлыбек Қалимағанбетов хронометрист міндетін атқарады.