Тағы бір қазақстандық маман World Boxing ұйымына басшылық қызметке келді
Панамада өткен World Boxing халықаралық федерациясының конгресінде ұйымның басшылық қызметтеріне жаңа үміткерлер сайланды.
ашық дереккөзден
Сайлау қорытындысы бойынша Қазақстан бокс федерациясының халықаралық байланыстар жөніндегі вице-президенті Рауан Игенев World Boxing ұйымының Спорт және жарыстар комитетінің төрағасы болып тағайындалды.
Аталған комитет халықаралық турнирлерді ұйымдастыру, жарыс жүйесін жетілдіру және бокстың техникалық ережелерін әзірлеу бағытында жұмыс істейді. Сонымен қатар салмақ дәрежелерін, спортшылардың жабдықтарына қойылатын талаптарды, жарыстар күнтізбесін, әлемдік рейтинг жүйесін және іріктеу тәртібін қалыптастыруға жауап береді.
Естеріңізге сала кетейік, World Boxing халықаралық федерациясының президенті - қазақстандық Геннадий Головкин. Ол бұл қызметке 2025 жылғы 23 қарашада сайланып, үш жылдық өкілеттік мерзімге ие болды. 2026 жылғы қарашада өткен ұйым конгресінен кейін де Головкин президенттік қызметін жалғастыра береді.