Чемпиондар лигасы: «Барселона» Әзербайжанда «Сабахпен» кездеседі

Бұл екі команда тарихындағы алғашқы кездесу болмақ.

Чемпиондар лигасы: «Барселона» Әзербайжанда «Сабахпен» кездеседі ашық дереккөзден

УЕФА Чемпиондар лигасының дебютанты әзербайжандық «Сабах» турнирдің бесінші турында өз алаңында Еуропаның ең атақты клубтарының бірі - бес дүркін чемпион «Барселонаны» қабылдайды. 

«Сабах» биыл алғаш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде өнер көрсетіп жатыр. Жалпы, әзербайжандық команда еурокубоктерге төртінші маусым қатарынан қатысуда. Бұған дейін үш рет Конференция лигасының іріктеу кезеңінен аса алмаған.

Ал «Барселона» Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне 31-маусым қатарынан қатысып отыр. Бұл көрсеткіш бойынша каталондықтар мадридтік «Реалмен» бірге турнир рекордын бөліседі. Өткен маусымда Ханс-Дитер Фликтің шәкірттері жалпы кезеңді бесінші орынмен аяқтап, 1/8 финалда «Ньюкаслды» жеңгенімен, ширек финалда «Атлетикоға» жол берді.

«Сабах» биылғы маусымда жеті жеңіске жетіп, бес рет жеңілген. Команда бес кездесуде қақпасына гол жібермеген. Алайда төртінші турда норвегиялық «Викингтен» 1:4 есебімен ойсырай ұтылды. Әзербайжандық клуб жалпы кезеңдегі жалғыз жеңісіне екінші турда қол жеткізіп, өз алаңында «Славияны» 2:0 есебімен жеңген.

Ал «Барселона» Чемпиондар лигасындағы соңғы 11 кездесуінің сегізінде жеңіске жеткен. Биылғы турнирде төрт ойынның үшеуінде қарсыласынан басым түсіп, үшінші турда «Астон Вилланы» 3:0 есебімен тізе бүктірді. Каталондықтардың соңғы 22 матчында кемінде үш гол соғылған. Бұл кездесулерде жалпы 105 гол тіркелген.

«Барселона» бұл ойында жас жұлдызы Ламин Ямальдың көмегіне жүгіне алмайды. Испаниялық футболшы жарақатына байланысты «Сабахқа» қарсы матчқа қатыспайды. Чемпиондар лигасындағы соңғы тоғыз ойынның жетеуінде гол соққан шабуылшының кезекті рекорд орнату мүмкіндігі кейінге шегерілді.

Осылайша, «Сабах» өз алаңында әйгілі қарсыласына тосынсый жасауды көздесе, «Барселона» үш ұпай еншілеп, турнирдегі жағдайын жақсартуға тырысады.

Айта кетейік, матч 25 қараша, сәрсенбі күні Бакудегі Олимпиада стадионында өтеді. Кездесу Астана уақытымен 22:45-те басталады.

Бұл матчта Қазақстан құрамасының қақпашысы Стас Покатилов негізгі құрамда алаңға шығуы мүмкін. Ол әзербайжандық клубтың капитаны.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу