Қазақстан құрамасы гандболдан Азия чемпионатында екінші жеңісіне қол жеткізді
Турнирде Венгрияда өтетін әлем чемпионатына жолдама сарапқа салынуда.
ашық дереккөзден
Алматыда әйелдер командалары арасында гандболдан Азия чемпионаты жалғасуда. Қазақстан құрамасы топтық кезеңдегі екінші кездесуінде Үндістаннан басым түсті.
Ойын 33:27 есебімен отандастарымыздың пайдасына аяқталды. Осылайша, Қазақстан құрамасы құрлықтық додадағы жеңісті жолын жалғастырып, қатарынан екінші жеңісіне қол жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, қазақстандық гандболшылар алғашқы кездесуін 23 қарашада Аустралия құрамасына қарсы өткізіп, қарсыласынан айқын басым түсті. Отандастарымыз 37:18 есебімен жеңіске жетіп, чемпионатты сәтті бастаған болатын.
Қазақстан құрамасы топтық кезеңдегі келесі кездесуін 25 қарашада Өзбекстанға қарсы өткізеді.
Айта кетейік, биылғы Азия чемпионатына құрлықтың он ұлттық құрамасы қатысып жатыр. Жарыс 3 желтоқсанда мәресіне жетеді. Турнир қорытындысы бойынша үздік төрт команда 2027 жылы Венгрияда өтетін әлем чемпионатына жолдама алады.