Алан Құрманғалиев әлем чемпионатының ширек финалына шықты

Ширек финалдық матчтар да бүгін, 24 қарашада өтеді.

Алан Құрманғалиев әлем чемпионатының ширек финалына шықты ашық дереккөзден

Үстел теннисінен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан намысын қорғап жатқан Алан Құрманғалиев жұптық сайыста ширек финалға жолдама алды.

Түркияның Стамбул қаласында өтіп жатқан жарыстың 1/8 финалында қазақстандық спортшы ирандық Беньямин Фараджимен бірге польшалық Сэмуэль Михна мен Патрик Зыворонекке қарсы ойнады. Алғашқы екі партияда 0:2 есебімен ұтылып жатқан қазақстанды-ирандық жұп ойын барысын өзгертіп, кездесуді 3:2 есебімен жеңіспен аяқтады.

Осылайша, Алан Құрманғалиев пен Беньямин Фараджи ширек финалға шықты. 1/4 финалдық кездесу бүгін өтеді.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Алан Құрманғалиев аралас жұптық сайыстың 1/16 финалында мысырлық Хана Годамен бірге өнер көрсетіп, аустралиялық Адитья Сарин мен Константина Психогиосқа 0:3 есебімен есе жіберген болатын.

Айта кетейік, 21-28 қараша аралығында өтіп жатқан әлем чемпионатында 50 елдің спортшылары U15 және U19 жас санаттары бойынша 14 медаль жиынтығын сарапқа салып жатыр. Алдағы күндері Алан Құрманғалиев  жекелей сында да жарыс жолына шығады.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу