Сенегалға Африка чемпионы атағы қайтарылды
Бұл шешім бүгін, 24 қарашада шықты.
ашық дереккөзден
Сенегал құрамасы 2025 жылғы Африка ұлттары кубогының жеңімпазы мәртебесін сақтап қалды. Спорттық арбитраж соты (CAS) сенегалдық футбол федерациясының апелляциясын қанағаттандырып, Африка футбол конфедерациясының (CAF) бұған дейін шығарған шешімінің күшін жойды.
Естеріңізге сала кетейк, турнирдің финалы 18 қаңтарда өтіп, Сенегал құрамасы Марокконы қосымша уақытта 1:0 есебімен жеңген болатын. Алайда кездесу төрешілер шешіміне байланысты дау-дамайға ұласты. Сенегалдық футболшылар наразылық ретінде алаңнан кетіп, шамамен 15 минуттан кейін қайта оралып, ойынды жалғастырды.
Финалдан кейін 57 күн өткен соң CAF Марокко тарапының апелляциясын қанағаттандырып, матч нәтижесін жойды. Осылайша, Марокко құрамасына 3:0 есебімен техникалық жеңіс беріліп, Сенегал чемпиондық атағынан айырылған еді.
Мұндай шешіммен келіспеген Сенегал футбол федерациясы істі Спорттық арбитраж сотына жеткізді. Қазан айының басында Лозанна қаласында жабық форматта өткен тыңдаудан кейін CAS сенегалдық тараптың шағымын қанағаттандырып, CAF шешімінің күшін жойды. Нәтижесінде Сенегал құрамасына Африка чемпионы атағы қайтарылды.
Осылайша, ұзаққа созылған құқықтық даудан кейін 2025 жылғы Африка ұлттары кубогының ресми жеңімпазы ретінде Сенегал құрамасы танылды.