Қазақстанда велоспортты дамытуға басымдық берілмек

Олжас Бектенов Давид Лаппартьенмен кездесті.

Қазақстанда велоспортты дамытуға басымдық берілмек ашық дереккөзден

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Халықаралық велосипедшілер одағының (UCI) президенті Давид Лаппартьенмен кездесіп, елімізде велоспортты дамыту мәселелерін талқылады.

Жиында спортшыларды даярлау, спорт инфрақұрылымын жетілдіру және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне назар аударылды.

Олжас Бектенов Қазақстанда велоспортпен 9 мыңнан астам адам тұрақты айналысатынын атап өтті. Сондай-ақ Александр Винокуров, Алексей Луценко және жас велошабандоз Әнел Ташбайдың жетістіктерін тілге тиек етіп, еліміздің UCI-мен әріптестікті одан әрі дамытуға мүдделі екенін жеткізді.

Өз кезегінде Давид Лаппартьен Қазақстанды Азиядағы велоспорт көшбасшыларының бірі деп атап, қазақстандық спортшылардың халықаралық аренадағы жетістіктеріне жоғары баға берді. Сонымен қатар UCI елімізде велоспортты дамытуға алдағы уақытта да қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.

Кездесу соңында тараптар ынтымақтастықты нығайтып, велоспортты насихаттауға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу