«Номад» хоккейден үш дүркін Қазақстан чемпионы атанды
Чемпиондықтың тағдыры овертаймда шешілді.
proligasy
Астанада өткен хоккейден Қазақстан чемпионатының финалдық сериясының бесінші матчында «Номад» өз алаңында қарағандылық «Сарыарқа» командасын жеңіп, ел чемпионы атанды. Осылайша елордалық клуб серияны 4:1 есебімен ұтып, алтын медальдарға ие болды.
Кездесу алдында «Номад» серияда 3:1 есебімен алда тұрған еді және чемпиондыққа бір ғана қадам қалған болатын. Айдын иелері ойынды қарқынды бастап, екінші минутта Әділ Бейсембаев есеп ашты. Алайда қонақтар да көп күттірмей жауап беріп, алтыншы минутта Радель Фазлеев таразы басын теңестірді.
Екінші кезеңде «Номад» қайтадан алға шықты. 31-минутта Диас Гусейнов дәл соққысымен көзге түсті. Дегенмен «Сарыарқа» тағы да есепті теңестіріп, Кирилл Полохов 2:2 нәтижесін тіркеді.
Негізгі уақыт жеңімпаз анықталмады. Матч овертаймға жалғасып, шешуші сәтте 20 жастағы қорғаушы Бейбарыс Оразов жеңіс шайбасын соғып, «Номадқа» чемпиондықты алып келді.
Айта кетейік, «Номад» бұған дейін 2016/2017 және 2022/2023 маусымдарында да Қазақстан чемпионы атанған болатын.
Енді екі команданың бірқатар ойыншылары Қазақстан ұлттық құрамасына қосылып, алдағы әлем чемпионатына дайындалады. Әлем біріншілігінің бірінші дивизионы (А тобы) 2-8 мамыр аралығында Польшада өтеді.