Ұлан-Батырдағы жеңіс: Азия чемпионатында Қазақстан қоржынына 2 алтын, 1 күміс медаль түсті
Бүгін бокстан Азия чемпионатында ерлер арасында финалдық бәсекелер өтіп жатыр.
olympic.kz
Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда өтіп жатқан бокстан ересектер арасындағы Азия чемпионатының шешуші күнінде Қазақстан құрамасы қоржынына тағы екі алтын және бір күміс медаль түсті.
60 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Оразбек Асылқұлов финалда Үндістан өкілі Сачин Сачинмен қолғап түйістірді. Жекпе-жек тартысты өтіп, қазақстандық боксшы алғашқы минуттардан бастап қарсыласына қысым көрсетті. Шешуші раундта басымдық танытқан Оразбек төрешілер шешімімен 3:2 есебімен жеңіске жетіп, Азия чемпионы атанды.
75 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Сабыржан Аққалықов финалда Өзбекстан өкілі Джавохир Абударахимовпен қолғап түйістірді. Жекпе-жек барысында қазақстандық боксшы сенімді қимылдап, қарсыласына дес бермеді. Нәтижесінде ол 5:0 есебімен жеңіске жетіп, құрлық чемпионы атағын иеленді.
Ал, 70 келіде өнер көрсеткен әлем чемпионы Төрехан Сабырхан финалда Иордания боксшысы Зейад Ишаишпен кездесті. Қос спортшының айқасы өте шиеленісті өтті. Алайда соңғы раундта қарсыласы басымдық танытып, нәтижесінде Зейад Ишаиш 5:0 есебімен жеңімпаз деп танылды. Осылайша Төрехан Сабырхан Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Айта кетейік, сондай-ақ бүгін финалда ағайынды Нұрбек Оралбай, Айбек Оралбай шаршы алаңға шығады.