Зарина Дияс мансабын аяқтады

Бұл туралы спортшы бүгін әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді

Зарина Дияс мансабын аяқтады ktf.kz

Мансабында бір WTA және ITF сериясында он турнирде жеңіске жеткен Зарина Дияс мансабын аяқтағанын мәлімдеді. Сондай-ақ Зарина ұлттық құрама сапында да өнер көрсетіп, сан мәрте халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғады.               

Бүгін мен өмірімдегі ең маңызды кезеңдердің бірі - кәсіби теннистегі мансабымды аяқтаймын. Бұл - керемет жол болды… Алматыдан шыққан кішкентай қыздың әлемдік ареналарда ойнауды, турнирлерді жеңуді және әлемнің үздіктерінің бірі болуды армандаған жолы.

Әлі күнге дейін сол арманның шындыққа айналғанына сену қиын. Турнирлердегі жеңістер, әлемдік рейтингтің топ-30 қатарына кіру және Олимпиада ойындарында Қазақстанның намысын қорғау.

Мен ұлттық құрама сапында өнер көрсеткенімді мақтан тұтамын. Өз елім үшін кортқа шығып, Қазақстанды әлемдік деңгейде таныстырғаным - мен үшін үлкен құрмет. Бұл сәттер мәңгі жүрегімде қалады.
Теннис маған көп нәрсе берді. Ол мені мықты болуға, берілмеуге, қандай жағдай болса да алға ұмтылуға үйретті. Қиын кезеңдер де болды. Бірақ жеңістер, эмоциялар және сөзбен жеткізу мүмкін емес, ұмытылмас сәттер одан да көп болды.

Маған қолдау көрсеткен барлық жандарға алғыс айтамын. 

Енді өмірімнің жаңа кезеңі басталады. Баршаңызды жақсы көремін, - деп жазды қазақстандық теннисші өзінің Instagram парақшасында. 

Айта кетейік, спортшының мансабында қиын кезеңдер де болды. Ол 2022 жылы жарақат алып, шамамен екі жыл толыққанды өнер көрсете алмады және тек 2024 жылдың мамыр айында ғана кортқа қайта оралды. 

Осылайша теннис әлемінде талай биікті бағындырған Зарина Дияс 32 жасында мансабына нүкте қойды. 

Telegram
Самое интересное из мира спорта в нашем Telegram-канале Insports.kz
Подписаться