Қазақстандық үш балуан Азия чемпионатында қола жүлде үшін күреседі
Қазақстандық еркін күрес шеберлері финалға дейін жете алмады.
Getty Images
6-12 сәуір аралығында Бішкекте күрес түрлерінен Азия чемпионаты өтуде. Биылғы сары құрлық бәсекесінде еркін күрестен ерлер арасында 10 спортшымыз, әйелдер күресінен 10 спортшымыз, сондай-ақ грек-рим күресінен 10 спортшымыз ел намысын қорғауда.
Бүгін боз кілемге еркін күрес шеберлері шықты. Жартылай финалға дейін жеткен Азамат Дәулетбеков ирандық Мохаммадмобин Азимиге жол берді. Белдесу 0:6 есебімен аяқталып, қазақстандық балуан финалға өте алмады.
Айта кетейік, Азамат Дәулетбеков үш дүркін Азия чемпионы, әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері.
Ал, 125 келіде Едіге Қасымбек ширек финалда Әмірхоссейн Зареге есе жіберген болатын. Қарсыласы финалға шыққандықтан, Қасымбекке жұбаныш белдесу арқылы қола жүлдеге таласу мүмкіндігі берілді.
Сондай-ақ 86 келіде Болат Сақаев жартылай финалда үндістандық Мукул Дахияға қарсы белдесіп, тартысты кездесуде 6:12 есебімен жеңілді.
Осылайша, аталған үш балуан 12-сәуір күні қола жүлдеге таласады.