Азамат Дәулетбеков Азия біріншілігінде жүлдеге ілікті, Болат Сақаевқа сәттілік жетіспеді
Азамат Дәулетбеков қола жүлде үшін өткен белдесуде қарсыласын 6:0 есебімен тізе бүктірді.
olympic.kz
Бішкекте күрес түрлерінен өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының балуаны Азамат Дәулетбеков 92 келі салмақта қола жүлдеге қол жеткізді. Үшінші орын үшін өткен белдесуде ол жапониялық Такаши Ишигуромен күш сынасты.
Кездесудің алғашқы кезеңінде отандасымыз белсенділік танытып, 6:0 есебімен алға шықты. Қарсыласына мүмкіндік бермеген Дәулетбеков осы басымдықты кездесу соңына дейін сақтап, жеңісті өз еншісіне жазды. Нәтижесінде, ол құрлықтық додада қола медаль иеленді.
Ал 86 келі салмақта ел намысын қорғаған Болат Сақаев жүлдеге бір қадам жетпей тоқтады. Қола медаль үшін өткен белдесуде ол бахрейндік Хидир Құрбан Саипудиновпен кездесіп, тартысты бәсекеде 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Тең дәрежеде өткен белдесуде шешуші ұпай қарсылас пайдасына шешіліп, Сақаев жүлдеге қол жеткізе алмады.
Айта кетейік, бүгін 125 келіде тағы бір қазақстандық еркін күрес шебері Едіге Қасымбек те қола медальға таласады.