Мемлекет балалар спортын дамытуға 74 млрд теңге бөледі
Жаңа жобалар болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған.
sportarena
Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға бағытталған жаңа кезең басталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спорт мектептерін жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіне көшіру туралы заңға қол қойды. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігі мәлімдеді.
Жаңа жүйеге сәйкес, әрбір жас спортшыға жылына шамамен 415 мың теңге бөлінеді (бұрын – 233 мың теңге). Бұл жүйе 2026 жылдан бастап толық іске қосылады. Сонымен қатар, біліктілігі расталған жаттықтырушылардың жалақысы 30 пайызға өседі.
Елімізде қазір 526 спорт мектебінде 400 мыңға жуық бала жаттығады. Ал 2028 жылға дейін саланы дамытуға 74 млрд теңге бөлу жоспарланған.
Инфрақұрылымды дамыту бағытында да нақты қадамдар жасалуда. Мысалы, Атырау облысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернат-колледжінің құрылысы басталды. Жоба 2027 жылы аяқталады деп күтілуде.
Жаңа кешен 400 оқушыға арналған оқу блогы, 300 орындық жатақхана, 13 спорт залы және басқа да заманауи нысандармен жабдықталады. Бұл жоба пилоттық форматта жүзеге асырылып, кейін басқа өңірлерге тарату жоспарланып отыр.
Жалпы, аталған бастамалар балалар спортын дамытуға және сапалы спорт резервін қалыптастыруға мүмкіндік береді.