Ракеткасын тас-талқан еткен ресейлік теннисшіге қомақты айыппұл салынды
Әлемнің 10-ракеткасы Даниил Медведев Монте-Карлода өткен «Мастерс» турнирінде күтпеген жерден жеңіліс тапты.
Julian Finney/Getty Images
Даниил Медведев екінші айналымда италиялық Маттео Берреттиниге қарсы кортқа шықты. Кездесу небәрі 50 минутқа созылып, Медведев екі сетте 0:6, 0:6 есебімен ойсырай жеңілді. Бұл оның ATP деңгейінде бірде-бір геймсіз жеңіліс тапқан алғашқы кездесуі болды.
Ойын барысында ресейлік спортшы эмоциясын тежей алмай, ракеткасын жерге ұрып сындырып жіберді. Бұл әрекеті үшін ол төрешіден ескерту алды. Ал кейін ATP тарапынан 6 мың еуро көлемінде айыппұл салынды.
Медведев өткен маусымда Аустралия ашық чемпионатында спортқа жат мінез-құлық көрсеткені үшін 75 мың доллар айыппұл төлеген.
Соған қарамастан, Медведев биылғы маусымда Брисбен (ATP 250) және Дубай (ATP 500) турнирлерінде чемпион атанып, жақсы нәтиже көрсеткен еді. Ол мансабында қазірге дейін ATP деңгейінде 23 титул иеленіп, 50 миллион доллардан астам сыйақы алған.