Заңғар Нұрланұлы жас ұрпаққа тәлім берді
Заңғар жас теннисшілер үшін шеберлік сағатын өткізді.
Әлемдегі үздік жас теннисшілердің бірі, ITF Juniors рейтингісінде 10-орындағы Түркістан түлегі Заңғар Нұрланұлы Шымкенттегі ATP Challenger 50 турнирі қарсаңында туған жерінде болды. Жарыс алдында спортшы Түркістанға барды.
Сапар барысында Заңғар жас теннисшілер үшін шеберлік сағатын өткізді. Кортта балалармен жұмыс жасап, кәсіби кеңестерімен бөлісті. Сондай-ақ әрқайсысына көңіл бөліп, суретке түсті, қолтаңба қалдырып, жас спортшылардың сауалдарына жауап берді.
Теннис орталығы жанында ағаш отырғызу сапардың ерекше сәтіне айналды. Бұл спортшының спорттық инфрақұрылымды дамыту мен жас ұрпақтың болашағына қосқан бейнелік үлесі еді.
Бұдан бөлек, Заңғар Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде болып, өңірдің тарихи және рухани мұрасына құрмет көрсетті.
«Мен балалармен сұхбат құрып, олардың шынайы әсері мен тенниске деген қызығушылығын көргеніме өте қуаныштымын. Түркістанда, үйде үнемі бола бермеймін. Сондықтан мұндай сәттер ерекше ыстық. Бұл маған қосымша күш, Шымкенттегі турнир алдында шабыт береді», - деп атап өтті Заңғар Нұрланұлы.
Сапар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровпен кездесумен аяқталды. Оның барысында теннисті дамыту және өңірде жас спортшыларды қолдау мәселелері талқыланды.