Қазақстан құрамасы элиталық дивизионға жолдама алуды көздейді

Ұлттық құрамаға шақырту алған 37 хоккейші екі командаға бөлініп, өзара кездесу өткізгеннен кейін Польшада өтетін әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын хоккейшілердің нақты тізімі белгілі болады.

Қазақстан құрамасы элиталық дивизионға жолдама алуды көздейді icehockey

Қазақстан құрамасы 2-8 мамыр аралығында Польшада өтетін әлем чемпионатының IA дивизионында Литва, Жапония, Польша, Украина және Франция құрамаларына қарсы өнер көрсетеді.
Хоккейден Қазақстан құрамасы алдағы маңызды дода қарсаңында кеңейтілген құраммен оқу-жаттығу жиынын бастады. Команда сапына Қазақстан чемпионатының финалында өнер көрсеткен «Номад» пен «Сарыарқа» клубтарының ойыншылары да қосылды.

Ұлттық құраманың бас бапкері Талгат Жайлауов команданы жасақтау барысы туралы Қазақстан хоккей федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында айтып өтті.

Бапкердің сөзінше, құрам толық жинала алмаған. Себебі бірқатар хоккейшілер Қазақстан чемпионатының финалында ойнаған. Осыған байланысты жастар лигасының ойыншылары шақырылып, олардың әлеуеті сыналған. Бұл жас спортшылар үшін үлкен тәжірибе.
Қазіргі таңда құрамда шамамен 37 ойыншы бар. Минскіде өтетін оқу-жаттығу жиынына баратын нақты құрам екі жақты кездесулер нәтижесінде анықталмақ. Бас бапкер ойыншылардың физикалық дайындығы мен көрсеткен ойынына басымдық берілетінін жеткізді.

Сондай-ақ, «Металлург» клубында өнер көрсетіп жүрген Никита Михайлис пен Валерий Орехов құрамға қосылуы мүмкін. Бұдан бөлек, Словакия чемпионатында ойнап жүрген Евгений Рымаревпен де тұрақты байланыс орнатылған. Оның маусымды жарақатсыз аяқтап, қажетті құжаттарын дайындауы маңызды.

Ұлттық құраманың басты мақсаты - алдағы әлем чемпионатында жоғары нәтиже көрсетіп, элиталық дивизионға жолдама алу.

Telegram
Самое интересное из мира спорта в нашем Telegram-канале Insports.kz
Подписаться