Бибісара Асаубаева Үміткерлер турнирінде екінші орынға ие болды
Бибісара жеңіске бір қадам жетпей қалды.
ҚР Туризм және спорт министрлігі
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Кипрдің Пафос қаласында өткен Үміткерлер турнирінің соңғы 14-турында тартысты ойын өткізді. Шешуші кезеңде ол үндістандық Дивья Дешмукхпен кездесіп, қара фигуралармен ойнап, партияны тең нәтижемен аяқтады.
Бұл Бибісараға 0,5 ұпай әкеліп, жалпы есепте 8 ұпай жинауға мүмкіндік берді. Турнир кестесінде ол уақытша бірінші орынға көтерілгенімен, чемпиондықтың тағдыры басқа кездесуде шешілді.
Турнир көшбасшыларының бірі үндістандық Рамешбабу Вайшали соңғы турда ресейлік Екатерина Лагноны жеңіп, 8,5 ұпаймен турнир жеңімпазы атанды. Осылайша, Бибісара небәрі жарты ұпай айырмасымен екінші орынға ие болды.
Жарыс жеңімпазы қазіргі әлем чемпионы, қытайлық Цзюй Вэньцзюньмен әлем чемпионы атағы үшін матч өткізу құқығына ие болды.
Айта кетейік, ерлер арасындағы Үміткерлер турнирінде 20 жастағы өзбекстандық гроссмейстер Жавохир Синдаров жеңіске жетті. Ол нидерландылық Аниш Гириден басым түсіп, мерзімінен бұрын турнир чемпионы атанды.