Мюнхендік триллер: Керемет камбэк жасаған «Бавария» Чемпиондар лигасының жартылай финалына шықты
Мюнхеннің «Бавариясы» УЕФА Чемпиондар лигасының ширек финалында мадридтік «Реалды» жеңді.
globallookpress.com
Алғашқы ойында 1:2 есебімен жеңілген «Реал» жауапты кездесуді өте қарқынды бастады. Ойын басталғаннан небәрі 34 секунд өткенде Арда Гюлер Мануэль Нойердің қателігін пайдаланып, алыстан дәл соққымен есеп ашты. Бұл гол кездесудің жоғары қарқында өтетінін бірден аңғартты.
Алайда «Бавария» жылдам жауап қайтарды. 6-минутта Александр Павлович Йозуа Киммихтің бұрыштамадан асырған добын баспен дәл бағыттап, есепті теңестірді. Одан кейін Андрей Лунин бірнеше қауіпті соққыны қайтара білді. Дегенмен Гюлер 29-минутта тағы да көзге түсіп, әдемі айып соққысымен командасын алға шығарды.
Көп ұзамай «Баварияның» басты сұрмергені Харри Кейн 38-минутта гол салды. Бірақ мадридтіктер сапынан 42-минутта Килиан Мбаппе Винисиус Жуниордың пасынан кейін таразы басын қайта теңестірді.
Екінші таймда да ойын қарқыны бәсеңдеген жоқ. Екі команда да шабуылға жиі шығып, қауіпті сәттер ұйымдастырды. Матчтың тағдыры соңғы минуттарда шешілді. Ойын аяқталуға төрт минут қалғанда «Реал» сапынан алаңға жаңадан шыққан Эдуарду Камавинга қызыл қағаз алып, командасын қиын жағдайға қалдырды.
Сан басымдығын тиімді пайдаланған «Бавария» көп ұзамай алға шықты. Луис Диас алыстан соққы жасап, доп Эдер Милитао арқылы қақпаға рикошетпен енді. Қосымша уақытта Майкл Олисе ойынның нүктесін қойып, «Баварияға» тарихи жеңіс сыйлады. Осылайша, мюнхендік клуб нағыз триллерге айналған кездесуде жеңіске жетті - 4:3.
Алғашқы ойында 2:1 нәтижесі тіркелген еді. Осылайша жалпы есепте 6:4 есебімен «Бавария» Чемпиондар лигасының жартылай финалына шықты.