Қазақстандық былғары қолғап шеберлері Бразилияда өтетін әлем кубогына қатысады
Бокстан 2026 жылғы әлем кубогының алғашқы кезеңінде Қазақстан құрамасы 16 спортшымен сынға түседі.
boxingkazakhstan
20-26 сәуір аралығында Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында өтетін додаға әлемнің 50-ден астам елінен 400-ге жуық боксшы қатысады деп күтілуде. Осы орайда алдағы турнирге қатысатын қазақстандық боксшылардың есімдері белгілі болды.
Ерлер құрамасын бас бапкер Нұржан Насанов бастап барады. Оның жетекшілігімен Даниял Сәбит (50 келі), Бағлан Кенжебек (55 келі), Жансері Көшербаев (60 келі), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (65 келі), Фарух Тоқтасынов (70 келі), Санжарәлі Бегалиев (75 келі), Диас Молжігітов (80 келі), Сұлтанбек Айбарұлы (85 келі) және Дәулет Төлемісов (90 келі) жүлде үшін таласады.
Ал әйелдер құрамасын Елдос Сайдалин жаттықтырады. Әлем кубогының алғашқы кезеңінде Алуа Балқыбекова (51 келі), Назым Қызайбай (54 келі), Виктория Графеева (60 келі), Аида Әбікеева (65 келі), Наталья Богданова (70 келі), Жібек Жарасқызы (80 келі) және Валерия Аксенова (+80 келі) бақ сынайды.
Айта кетейік, Бразилия өз тарихында екінші рет әлем кубогының кезеңін қабылдағалы отыр.