Алматыда студенттер арасында киберспорттан елдегі ең ірі турнир өтті

Алматыда жастардың қатысуымен осы жылдың ең ауқымды іс-шараларының бірі – Almaty Cyber Games Students League 2025 турнирі өтіп, оған Қазақстанның 34 жетекші жоғары оқу орнының студенттері қатысты.
ACG Students League 2025 – бұл Алматы әкімдігінің цифрландыру басқармасы, Студенттік киберспорт бойынша ұлттық қауымдастығы және iPlay Esports платформасының бірлесе ұйымдастыруымен өткен киберспорт жарысы.
Жүлде қоры 1,5 миллион теңгені құраған турнирде қатысушылар Dota 2, CS2 және FC25 сайыстарында бақ сынады.
Ауқымды іс-шараға NNEF қоғамдық қорының University Alliance of Science and Technology альянсы қолдау көрсетті. Айта кетейік, Жоғары оқу орындарының альянсының құрамына Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті (ХАТУ), Astana IT University, Қазақстан-Британ техникалық университеті, Кенжеғали Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университеті, Energo University сынды еліміздің жетекші университеттері кіреді.
Қазақстанда студенттік киберспортты дамытуға мемлекеттік органдармен қатар, қайырымдылық қорлар да қолдау көрсетуде. Айталық, Студенттік киберспорт бойынша ұлттық қауымдастық 2020 жылы бизнесмен Тимур Құлыбаевтың бастамасымен құрылған. Ал NNEF қоғамдық қоры цифрлық білім беру мен киберспорттық бастамаларға қажетті экожүйені қалыптастыра отырып, жоғары оқу орындарымен тығыз жұмыс істеуде. Осы қолдаудың арқасында қазақстандық студенттер заманауи IT-құралдарға, кәсіби жаттықтырушыларға және халықаралық турнирлерге қол жеткізіп отыр.
Турнирдің үш сайысынан тартысты жарыс өтіп, жеңімпаздар анықталды. CS2 жарысынан Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің 4422 командасы жеңіске жетсе, Dota 2 бойынша тартысты матчтардан Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің Katharsis командасы жүзден жүйрік атанды. Ал FC25 сайысында жеңісті Satbayev University-дің 1erdaaa командасы қанжығасына байлады.
Студенттік киберспорт бойынша ұлттық қауымдастығының президенті Рахматулло Сайдуллаевтың айтуынша, мұндай турнирлер тек талантты жастарды анықтауға ғана емес, сонымен қатар Қазақстанда киберспортты кәсіби түрде насихаттау үшін де маңызды.
"Almaty Cyber Games Students League 2025 студенттер үшін тамаша алаңға айналды, олар өз дағдыларын көрсетуге және киберспорт саласында кәсіби тұрғыда алғашқы қадамдарын жасауға мүмкіндік алды. Көптеген студент үшін киберспорт хобби ретінде ғана емес, жүлде мен демеушілерді табатын нақты кәсіп түріне айналуда", – деді Рахматулло Сайдуллаев.
Турнир – бұл кәсіптің тек бастамасы
Ұйымдастырушылардың жоспары бойынша, 2025 жылы ACG үш ауқымды іс-шарасы өтпек. Оның бірі - Орталық Азия елдері арасында өтетін халықаралық турнир. Бұл халықаралық турнир қазақстандық студенттердің Еуропадағы турнирлерге қатысуына жол ашатын бірден-бір мүмкіндік. Аталмыш турнир бойынша әлеуметтік желілерде 15 миллионнан астам көрсетілім жасалып, еліміздің 60 жоғары оқу орнын және 10 000 қатысушыны қамтиды деп күтілуде.
Турнирдің маңыздылығы
Almaty Cyber Games Students League 2025 Қазақстанның киберспорттағы жастар үшін маңызды оқиғаға айналды. Турнир елімізде киберспорттың маңыздылығы мен бұл спорт түріне деген сұраныстың жоғары екенін дәлелдеп, осы салада өзін-өзі дамытуға ұмтылған жастарға жаңа мүмкіндіктер ашты. Еліміздегі киберспорт қарапайым ойын түрінде ғана емес, технологиялардың, білімнің және кәсіби спорттың дамуына ықпал ететін салаға айналуда. Бұл турнир еліміздегі студенттік киберспорт халықаралық деңгейге шығаруға дайын екенін айқындай түсті.