World Boxing халықаралық федерациясы 2027 жылы Астанада бокстан әлем чемпионатын өткізу туралы ресми түрде жариялады.
Бұл әлемдік біріншілік халықаралық жарыс күнтізбесіндегі маңызды оқиға болмақ, себебі турнир 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындары қарсаңында ұйымдастырылады.
Чемпионаттың өткізілу мерзімі мен ұйымдастыру жұмыстары туралы қосымша ақпарат кейінірек хабарланатын болады.
«2027 жылы Олимпиада алдында өтетін бокстан әлем чемпионатын өткізу – Қазақстан үшін үлкен мәртебе, әрі жауапкершілік. Біздің ел ірі халықаралық спорттық жарыстарды жоғары деңгейде өткізуде мол тәжірибеге ие және бұл турнир де сол дәстүрден тыс қалмайтынына сенімдімін.
Олимпиада алдындағы бұл чемпионаттың маңыздылығын түсіне отырып, World Boxing ұйымына білдірген сенімі үшін алғысымды айтамын», – деді Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті, World Boxing Олимпиадалық комиссиясының төрағасы Геннадий Головкин.
Естеріңізге сала кетейік, 11 қараша күні еліміздің бокс федерациясы ресми түрде World Boxing-тің толыққанды мүшесі атанды. Бұл туралы АҚШ-тың Колорадо-Спрингс қаласында өткен World Boxing халықаралық бокс федерациясының Конгресінде хабарланды. Бүгінде World Boxing (WB) ұйымына 55 кіріп отыр.