Бүгін Канвон қаласында қысқы спорт түрлерінен IV жасөспірімдер Олимпиадасының 4-жарыс күні мәресіне жетті.
Хоккейден (3×3) Ұлттық құрама бүгін Испанияны (14-4), сосын Ұлыбританияны (22-13) ойсырата ұтып, плей-офф кезеңіне жолдама алды. Жасөспірімдер Олимпиадасының 3х3 хоккей турнирінің іріктеу кезеңі аяқталды. 7 матчтан кейін Қазақстан құрамасы Польша, Тайпей, Испания және Ұлыбритания құрамаларын жеңіп, Латвия, Аустрия және Даниядан жеңілді. Нәтижесінде 12 ұпай жинады. Осылайша құрамамыз жалпы есепте төртінші орынға ие болды. Польша құрамасымен ұпай саны тең болғанымен, жеке кездесудің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жартылай финалға шықты.
Ертең, 24 қаңтарда жас хоккейшілеріміз турнир кестесінің көшбасшысы – Латвия құрамасымен кездеседі. Қарсылас барлық ойында жеңіске жетті. Жеке кездесуде хоккейшілеріміз 11:15 есебімен жеңіліп қалды. Жартылай финалдық матч Астана уақытымен сағат 9:00-де басталады. Ал тағы бір жартылай финалдық кездесуде Аустрия мен Дания құрамалары өнер көрсетеді.
Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы 1 алтын, 1 қола медальмен жалпы есепте 13-сатыда келе жатыр. Көш басында тұрған Италияның 7 алтыны бар.