Қазақстан бокс федерациясы 11 желтоқсан күні Чианг Мэйде (Таиланд) өткен Азия чемпионатының ерлер арасында 71 келі салмақ дәрежесіндегі финал бойынша IBA және ASBC ұйымдарына наразылық хат жолдады. Ресми хабарламада Абылайхан Жүсіпов пен Хавасбек Асадуллаев жекпе жегінде өзбекстандық боксшы тарапынан спорттық ереже өрескел түрде бұзылғаны айтылады. Шаршы алаңдағы төреші Джована Угренович (Сербия) бұл сәтте ешқандай ескерту жасамағаны да сөз етіледі. Ал, Қазақстан тарапында ереже бұзылуына дәлел ретінде фото және видео материалдар да бар.
Нәтижесінде IBA және ASBC ұйымдары осы салмақтағы ақтық сынды қайта қарастырып, келесі шешімге келді. 71 келіде Абылайхан Жүсіпов Азия чемпионы деп танылды, ал өзбекстандық боксшы белгілі мерзімге жарыстардан шеттетіледі. Бұл туралы ҚБФ хабарлады.
Айта кетейік, бұған дейін бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов команданың Таиландта өткен Азия чемпионатындағы өнеріне қатысты пікір білдіріп, «біз тек екі салмақтағы нәтижемен келіспейміз — 48 және 71 келіге дейін. Ал, қалған жеңілген финалдардың нәтижесі орынды», — деген еді. Енді, міне әділдік орнап, ел қоржыны тағы бір алтын жүлдемен толығып отыр.