Турнирдің жалпы жүлде қоры 922 573 АҚШ долларын құрайды. Жеңімпаз қомақты сыйақыдан бөлек 500 рейтингтік ұпайға ие болады.
Әлемнің 3-ракеткасы Елена Рыбакина Аделаиде (Аустралия) WTA 500 турнирін жеңіспен бастады. Қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 61-орында тұрған Испания өкілі Кристина Бучамен кортқа шықты. Бірінші партия ортасында Рыбакина брейк жасады — 6:3.
Елена екінші сетті брейкпен бастады – 2:0. Дегенмен Кристина таразы басын теңестіре алды – 3:3. Есеп 5:5 болғанда отандасымыз тағы бір брейкке қол жеткізді. Нәтижесінде екінші матчболын эйспен түйіндеді – 7:5.
Рыбакина 1/4 финалда Вероника Кудерметованы жеңген ресейлік Екатерина Александровамен сынға түседі. Аделаидада қазақстандық теннисші турнирдің бірінші ракеткасы болып тіркелді.
Өткен жылғы чемпион Белинда Бенчич биыл титулды қорғай алмайды. Бірақ 2023 жылы финалда Белиндадан жеңілген Дарья Касаткина Аделаидадағы турнирде өнер көрсетуде. Ол ¼ финалда неміс теннисшісі Лаура Зигемундпен кездеседі. Жалпы турнирдегі теннисшілер құрамы өте мықты. Естеріңізге сал кетейік, бұған дейін Рыбакина Брисбенде (Аустралия) өткен турнирде жеңіске жетіп, 2024 жылғы алғашқы кубокты жеңіп алған болатын. Жарыстың шешуші кездесуінде ол әлемнің екінші ракеткасы беларусь Арина Соболенкодан 6:0, 6:3 есебімен басым түсті.
Сондай-ақ еліміздің бірінші ракеткасы Australian Open турниріне де қатысуды жоспарлап отыр. Аталмыш жарыс 14-28 қаңтар аралығында Мельбурн қаласында (Аустралия) өтеді. Өткен жылы Елена финалға дейін жеткен болатын.