Ақтөбеде Қазақстан чемпионатының қола жүлдесі үшін серия басталды.
Қола жүлде үшін тартыстың алғашқы кездесуінде «Сарыарқа» «Ақтөбеден» басым түсті. Серияның бірінші матчының негізгі оқиғалары екінші кезеңде өрбіді. Қарағандылықтар 11-минутта есеп ашты. Гол авторы Коннов. Кездесудің 22-минутында Стулов есепті еселей түсті. Дегенмен қас-қағым сәтте ақтөбеліктер жылдам шабуыл ұйымдастырып есепті қысқартты – 1:2. Ал 26-минутта «Сарыарқа» командасының хоккейшісі Баженов ойынның нүктесін қойып, жеңісті голдың авторы атанды. Кездесуде Данил Кадочников қақпаға бағытталған 30 соққыға тойтарыс берді. Осылайша «Сарыарқа» үш жеңіске дейінгі серияда көш бастады.
«Ақтөбе» — «Сарыарқа» 1:3 (0:1, 1:2, 0:0)
0:1 — 11:03 — Коннов (Дёмин, Баженов)
0:2 — 22:58 — Стулов (Григоренко) Г.Б
1:2 — 23:15 — Шапорев (Арбузов, Ершов)
1:3 — 26:03 — Баженов (Дёмин, Хрипков)
Қақпашылар: Ершов — Кадочников
«Ақтөбе» — «Сарыарқа» сериясындағы есеп: 0-1 (1:3)
Айта кетейік, «Ақтөбе» және «Сарыарқа» арасындағы тұрақты біріншіліктегі жеке матчтардың барлығы қарағандылықтардың жеңісімен аяқталған болатын. «Сарыарқа» бұл ойындарда 20 шайба соғып үлгерген.
Ал бүгін, 6 сәуірде «Арлан» және «Номад» Қазақстан чемпионатының финалдық сериясының алғашқы жекпе-жегін өткізетін болады. Бұл серия командалардың бірінің төрт жеңісіне дейін жалғаспақ. Маусымдық ойындар барысында «Арлан» 5 матчтың үшеуінде жеңіске жетіп, алдыңғы қатарда тұр. «Номад» – қазіргі плей-оффтың ең нәтижелі және ең аз шайба жіберетін ұжым болып тіркелді.