Қазақстандық шабуылшы Оралхан Өміртаев «Слуцк» сапындағы алғашқы голын соқты. Бұл Беларусь чемпионатының алтыншы туры аясындағы Солигорск қаласының «Шахтермен» сырт алаңда өткен ойында болды.
«Слуцк» 2:1 есебімен жеңіске жетті. Барлық голдар бірінші таймда соғылды. Алдымен Никита Мельников 3-минутта қонақтарды алға шығарса, 17-ші минутта Денис Ковалевич қарымта гол соқты. 24-минуттағы Өміртаевтың дәл соққысы ойында шешуші болды.
Нәтижесінде «Слуцк» алғашқы жеңісіне қол жеткізіп, 4 ұпаймен кестеде 14-ші орынға көтерілсе, «Шахтер» соңғы, 16-шы қатарға жайғасты. Өйткені клуб «Бельшинаға» қарсы келісілген матч ойнағаны үшін 20 ұпайдан айырылды.
Өміртаев «Слуцк» командасына қыста келіп қосылды. Келісімшарт жыл соңына дейін жасалды. Бұған дейін ол туған жерінде «Атырау», «Ақжайық», «Шахтер», «Тобыл» командаларында өнер көрсеткен. Ол әртүрлі жастағы Қазақстан құрамаларында ойнап, 2018-2021 жылдар аралығында негізгі құрамаға шақырту алды.
25 жастағы шабуылшы соңғы рет ҚПЛ-да «Атырау» сапында өнер көрсеткен. «Мұнайшылар» сапында 30 матчта 2 гол соғып, 2 нәтижелі пас берген. Жалпы, Қазақстан премьер-лигасында 173 матч өткізіп, 22 гол салып, 11 нәтижелі пас берген.