Велоспорттан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Андрей Чугай Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарына қатысу құқығына ие болды.
Бұған дейін велоспорттан Қазақстан құрамасы Олимпиада жолдамасының иегері атанған болатын. Пайдаланылмаған квоталарды қайта бөлу процесі өткеннен кейін құрамаға тағы бір жолдама берілді. Қазақстан кейриннен жолдама алды. Бұл спортшының спринтте сынға түсуіне мүмкіндік береді. Жолдама жекелей емес, командаға берілді. Федерацияның мәліметінше, Андрей Чугай Олимпиадада ел намысын қорғайды.
Андрей Чугай спринт пен кейрин маманы. Тректегі велоспорттан ұлттық құраманың мүшесі. Спортшының жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Қазақстан Республикасы Жастар ойындарының чемпионы, жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері және ересектер арасында екі дүркін Азия чемпионы екенін айта кетейік.