Грек-рим күресінен 77 келіге дейінгі салмақта Париж Олимпиадасының жартылай финалында қазақстандық балуан әзербайжандық Санан Сулеймановпен кездесті. Демеу бірінші кезеңді нәтижелі өткізіп, алты ұпай жинады. Кездесудің екінші кезеңінде Жадраев қарсыласына есепті қысқартуға мүмкіндік берді. Соған қарамастан 6:1 есебімен айқын басымдықпен қазақстандық балуан жеңіске жетті.
Енді финалда Жадраев ½ финалда армениялық Малхас Амоянды жеңген Азияның қазіргі чемпионы жапониялық Нао Кусакамен өзара мықтыны анықтайды.
Естеріңізге сала кетейік, Жадраев ширек финалда қырғызстандық Ақжол Махмудовты жеңіп, сенсация жасаған болатын — 3:1. Ал 1/8 финалда Жадраев колумбиялық Хаир Алексис Куеро Муньосты мерзімінен бұрын (9:0) тізе бүктірді.
Қазіргі таңда ел қоржынында бес медаль бар. Дзюдошы Елдос Сметов – алтын, гимнастшы Нариман Құрбанов – күміс, дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев – қола, оқ атудан өнер көрсеткен қазақстандықтар – Александра Ле мен Ислам Сәтбаев бір қола медаль иеленді.
Сондай-ақ финалға шыққан боксшы Нұрбек Оралбай кем дегенде күміс медаль алады. Ал екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай финалға шығу үшін күреседі.