Жартылай орта салмақта IBO және WBA Gold тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, қазақ боксшысы Жанқош Тұраровқа (28-0, 20 КО) қыз зорлады деген айып тағылды. Осы орайда All Stars Boxing шоуының промоутері Зия Әлиев пікір білдірді. Себебі Тұраров «Алматы Аренада» өтетін бокс кеші аясында 28 қыркүйекте жекпе-жек өткізуі тиіс.
«Жанқошты бокс кешінен алып тастау жоспарымызда жоқ. Әрқашанда жалған ақпараттар болады. Біз нақты деректерден кейін ғана шешім қабылдаймыз. Жанқоштың командасына хабарластық. Олар мұның бәрі жала екенін айтты. Оқиға кезінде Жанқош басқа жерде болған», — деді Әлиев.
Дегенмен Азаттық Рухы ақпараттық порталының мәліметінше Алматы қаласының полиция департаменті бұл ақпаратты растады.
«Келіп түскен арызға байланысты Әуезов аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазір оқиғаның толық мән-жайын анықтау үшін тергеу жүріп жатыр», — деді ПД баспасөз қызметі.
Тұраров соңғы рет былтыр желтоқсанда Алматыда жапониялық Акихиро Кондоны (37-12-2, 21 КО) жеңген болатын.