Шпагамен семсерлесуден Грузия астанасы Тбилисиде өтіп жатқан әлем кубогі кезеңінде Қазақстан командасы Париж Олимпиадасының жолдамасын иеленді. Бұл туралы Olympic.kz. хабарлады.
Тбилисиде әлем кубогінің шешуші кезеңі өтіп жатыр. Бұл бәсекедегі Қазақстанның басты қарсыласы саналған Оңтүстік Корея 1/8 финалда Чехия құрамасына жол беріп, Қазақстан командасынан 26 ұпайға қалып қойды. Осылайша, семсерлесуден Қазақстан құрамасы өз тарихында тұңғыш рет командалық сында Олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алды.
Әлем кубогі кезеңдерінің қорытындысы бойынша, алғашқы төрт орында тұрған команда Олимпиадаға тікелей жолдама алады. Жапония сол төрттік қатарында Парижге бару мүмкіндігін алған соң, Азиядағы жалғыз лицензияға Қазақстан мен Оңтүстік Корея таласқан болатын.
Тбилисидегі шешуші кездесуде Эльмир Алимжанов, Руслан Курбанов, Ерлік Сертай мен Вадим Шарлаимов төрттігі Олимпиадаға лицензия иеленді. Әлемдік ереже бойынша, командалық сынға бір, жекелей сында үш жолдама Қазақстан қоржынына түсті.