Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Майами (АҚШ) WTA 1000 турнирінің жартылай финалына шықты. Еліміздің көшбасшы теннисшісі ширек финалда әлемнің 9-ракеткасы, грекиялық Мария Саккаримен сынға түсті.
Қарсыластар осыған дейін өзара үш рет кездесіп, соның екеуінде Рыбакина жеңіске жеткен. Бұл жолы бірінші партияда Елена 4:2 есебімен алға шыққанымен, Мария ізінше брейк жасады. Дегенмен қазақстандық теннисші тағы бір брейкпен түйіндеді – 7:5.
Екінші сетте Саккари алға шықты — 3:1. Дегенмен Рыбакина таразы басын теңестіре алды – 4:4. Содан кейін есеп 5:4 болып, қарсыласы доп бергенде, екі бірдей матчболды мүлт жіберді – 5:5. Тай-брейкте Саккари сәтті ойнады – 7:6 (7:4). Үшінші, шешуші сетте есеп 3:3 болғанда Елена брейк жасады – 4:3. Ақыры өзі доп бергенде, бесінші матчболын пайдаланды – 6:4.
Матчтан кейін Елена Мария Саккариді жеңгеніне қатысты өз пікірімен бөлісті.
«Не айтарымды да білмеймін. Өйткені қатты шаршадым. Тартысты кездесу болды. Жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Жаңа доптармен жолым болды. Допты ойынға қосу оңайырақ болды. Енді қайта қалпыма келуім керек», — деді Рыбакина.
Елена Рыбакина финалға шығу үшін әлемнің 32-ракеткасы, Беларусь өкілі Виктория Азаренкомен кездеседі. Ол ширек финалда тағы бір қазақстандық Юлия Путинцевадан айласын асырды.