Қазақстан футбол федерациясы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығымен» бірлесе отырып қыздарға арналған «Менің ойыным» футбол фестивалін өткізіп жатыр.
Өз бастауын 2022 жылы алған жоба «HatTrick» бағдарламасы бойынша УЕФА-ның қолдауымен ұйымдастырылуда. Мұндай іс-шараның басты мақсаты Қазақстандағы қыздар футболын танымал етіп, бүлдіршін қыздарды футбол орталықтары мен академияларына тарту.
Айта кетейік, 2023/24 маусымы былтыр күзде басталып, еліміздің алты қаласында өткен еді. Биыл көктемде фестиваль 12 қалада өтеді деп жоспарланып отыр.
2024 жылы футбол мерекесі Талдықорған қаласында басталып, 130-дан астам қыз қатысты. Көңілді іс-шарада қыздар мини-футбол ойнап, эстафета мен әр түрлі жаттығулар жасау арқылы футболмен танысты.
Фестиваль аяқталысымен қатысушыларға сертификат пен ҚФФ атынан естелік сыйлықтар табысталды. Бүлдіршіндер өздері тұратын аймақта футбол орталықтарына қатысуға мүмкіндік алды.
Қыздарға арналған «Менің ойыным» футбол фестивалі 2 сәуір Талдықорған, 5 сәуір Алматы қаласында өтті. Алдағы уақытта фестиваль аясында еліміздің барлық қалаларында, атап айтқанда 8 сәуір – Тараз, 12 сәуір – Шымкент, 15 сәуір – Түркістан, 17 сәуір – Қызылорда, 23 сәуір – Ақтау, 26 сәуір – Атырау 3 мамыр – Орал, 6 мамыр – Ақтөбе, 13 мамыр – Астана, 15 мамыр – Қарағанды турнир ұйымдастырылады.