Грозныйлық «Ахмат» футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бапкері Магомед Адиевтің клубтың бас бапкері қызметіне тағайындалғанын хабарлады. Маман клуб пен ұлттық құрамадағы жұмысын бірге алып жүрмекші. 2-наурыз күні «Ахматтың» бұрынғы бас бапкері Мирослав Ромащенко қызметінен кетті. Ол ресейлік клубты 2023 жылдың тамызынан бастап жаттықтырған.
«Жұма күні «Ахмат» футбол клубының командалық отырысы өтіп, онда клуб президенті Магомед Даудов командаға жаңа бас бапкер Магомед Адиевті таныстырды.
Магомед Мұсаұлы Грозный қаласында дүниеге келген. Осы жылдар ішінде Адиев өзінің туған клубында ойнап, онымен Ресей кубогын жеңіп алды. Грозный командасының бас бапкерінің көмекшісі қызметін де атқарып, екінші команданың бас бапкері болған.
Жақында Магомед Адиев Қазақстан құрамасын басқарып, онымен тарихтағы үздік нәтижелерге қол жеткізді. Маман клубтағы және ұлттық құрамадағы жұмысты қатар алып жүреді», — деп жазады «Ахмат» клубының баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Адиев Қазақстан құрамасын 2022 жылдан бері жаттықтырып келеді. Оның жетекшілігімен ұлттық құрама Ұлттар лигасында өз тобын жеңіп, В дивизионына өтті, сонымен қатар Еуро-2024 жолдамасы үшін соңына дейін күресті.
Магомед Адиев бұған дейін «Ахмат» клубында бас бапкердің көмекшісі болып қызмет атқарған. Қазіргі таңда 21-турдан кейін грозныйлық ұжым 20 ұпаймен Ресей Премьер-Лигасының (РПЛ) турнирлік кестесінде 12-орында тұр.