Қазақстандық боксшы Назым Қызайбай Парижде өтіп жатқан Олимпиада ойындарының 1/16 финалында италиялық Джордана Соррентиномен жұдырықтасты. 50 келі салмақ дәрежесіндегі жекпе-жектің бірінші раунды Соррентиноның пайдасына аяқталды. Бірақ қалған екі раундта Назым қарсыласынан басым түсіп, тамаша камбэк жасады.
1/8 финалда бұрымды боксшымыз Панамерикан ойындарының чемпионы, бразилиялық Каролина де Алмейдамен жұдырық түйістіреді.
Бұған дейін Мұхаммедсабыр Базарбайұлы мен Айбек Оралбай Франция астанасында бірінші жекпе-жегінде жеңіске жеткенімен, Олимпиада ойындарындағы алғашқы кездесуінде команда капитаны Асланбек Шымбергенов күтпеген жерден жеңіліп қалды.
Естеріңізге сала кетейік, әйелдер арасында Қазақстан атынан боксшыларымыз тек үш салмақта өнер көрсетеді: Назым Қызайбай (50 келіге дейін), Карина Ибрагимова (57 келіге дейін) және Валентина Хальзова (75 келіге дейін).
Назым Қызайбай екі дүркін әлем чемпионы (2014, 2016) және Азия чемпионы (2021).