Қазақстан құрамасының шабуылшысы Максим Самородов жақында «Ақтөбеден» ресми түрде кетіп, РПЛ-да өнер көрсетеді.
14-турдағы «Қызылжармен» кездесу Самородовтың «Ақтөбе» жейдесіндегі соңғы ойыны болды. Футболшы қызыл-ақтардың жанкүйерлерімен қоштасты. Жақын күндері форвардтың ресейлік «Ахмат» клубына ауысқаны ресми түрде жарияланады.
Грозныйлық команданы қазір Қазақстан құрамасының бұрынғы бапкері Магомед Адиев жаттықтырады. Ол ақтөбелік түлекті «Ахмат» сапында көргісі келген.
Осы маусымда Самородов «Ақтөбе» сапында барлық жарыстарда 21 матч өткізіп, сегіз гол соғып, төрт нәтижелі пас берді.
Самородовтың жаңа клубпен жасаған келісім-шарты жайлы кейбір ақпараттар белгілі болды. Sport24 хабарлауынша, трансфер сомасы 1 миллион еуроны құрап, 4 жылға жасалады. Ойыншы осы аптаның ортасында Грозныйда медициналық тексеруден өтеді.