Қазақстандық спортшы Париж Олимпиадасында триатлоннан жүзуден кейін велоспорт сайысын жалғастырудан бас тартты. Себебі Сена өзенінен шыққаннан кейін, Екатеринаның жүрегі айнып, құсқан. Мәселе Сена өзенінде ме, әлде қарсыластарының басына тигізген соққыларында ма, мұны нақты айта алмаймыз. Ал Шабалина Sport24.ru сайтына берген сұхбатында былай дейді:
«Триатлонда жүзу кезеңінде «төбелеске» тыйым салынған болса да, төрешілер үшін спортшыларды қадағалау өте қиын. Басыма бірнеше рет соққы тигеннен кейін мен Сенадағы суға тұншығып қалдым. Содан кейін жүзудің қалған бөлігінде жүрегім айни бастады. Ал велоспорт кезеңінің бірінші айналымынан кейін құстым. Дереу медициналық қызметкерлерге жүгіндім. Дәрілер тағайындады. Бұдан әрі жағдайым нашарламайды деп үміттенемін. Судың сапасына алаңдадым ба? Мен бұған философиялық көзқараспен қарадым. Себебі барлық триатлоншылар тең дәрежеде болды», — деді Екатерина.
Франция Сенаны тазарту үшін 1,4 миллиард еуродан астам қаржы жұмсаған екен. Олимпиада басталар алдында спорт министрі Амели Удеа-Кастера мен Париж мэрі Анн Идальго француздарды өзеннің қауіпсіз екеніне сендіру үшін суға өздері шомылды. Бірақ, Франция президенті Эммануэль Макрон суға түскен жоқ. Бірақ Сенаны тазалауды Олимпиаданың мұрасы деп атады: «Біз мүмкін емес нәрсеге қол жеткіздік», — деді Макрон.
Айта кетейік, 1923 жылдан бері Сенаға суға түсуге тыйым салынған. Себебі өзенде гастроэнтерит пен зәр шығару жолдарының инфекцияларын тудыратын ішек таяқшалары мен энтерококка сияқты бактериялар бар. Бұған кеміргіштердің зәрі арқылы берілетін «егеуқұйрық ауруы» деп те аталатын лептоспирозды қосыңыз. Бұл ауру өте қауіпті, тіпті кейбір жағдайларда өлімге әкелуі мүмкін. Өзенде балықтың болмауының басты себебі де осы болар.