Қазақстан құрамасы Өзбекстанда футзалдан өтіп жатқан әлем чемпионатының топтық кезеңін Испанияға қарсы ойынмен бастады.
Командалар «D» тобының бірінші туры аясында Әндіжанда кездесті. 7 секундта «Қайрат» ойыншысы Біржан Оразов есеп ашты. 8-минутта Қазақстан құрамасының өкілі ойыннан шеттетілді. VAR-ды қарап шыққан төреші Дәурен Тұрсағұловқа тікелей қызыл қағаз көрсетті. Осылайша қазақстандық шабуылшы Ливияға қарсы келесі ойынға қатыса алмайтын болды.
17-минутта испаниялықтар есепті теңестірді. Гордильо Игита қорғайтын қақпаны дәл көздеді.
Матчтың екінші бөлігінде гол соғылмады, қорытынды есеп 1:1. «D» квартетінде қазақстандықтар Ливия (18 қыркүйек) және Жаңа Зеландия (21 қыркүйек) құрамаларымен де ойнайды. Әр топтан үздік екі команда және үшінші орын алған төрт үздік команда плей-офф кезеңіне өтеді.