Виктория осы комитеттегі бірінші Азия өкілі.
Қазақстан әйелдер құрамаларының бас менеджері Виктория Сазонова Халықаралық хоккей федерациясының әйелдер хоккейін дамыту жөніндегі халықаралық комитетіне қосылып, елімізді әлемдік деңгейде таныстырады.
«Мен мұндай құрметке ие болғаннан кейін үлкен жауапкершілікті сезінемін. Қазақстан хоккейінің атынан шығып, бұл қызметті абыроймен атқарғым келеді» — деді Виктория Сазонова.
Виктория Сазонова хоккейдегі мансабының 20 жылын Қазақстан құрамасының ойыншысы ретінде өткізді. Ол 2013 жылы спорттан кетті. 2022 жылы әлем чемпионатында жасөспірімдер құрамасын басқарды. Кейін 2023 жылғы әлем чемпионатында әйелдер құрамасының бапкері болды. 2022 жылдан бастап әйелдер ұлттық құрамаларының бас менеджері, сондай-ақ Қазақстан хоккей федерациясының әйелдер хоккейін дамыту жөніндегі директоры қызметін атқарады.
Айта кетейік, Халықаралық хоккей федерациясы дүние жүзінде шайбалы хоккейдің дамуын қадағалайтын халықаралық ұйым. Қазіргі таңда ұйымға 83 елдің ұлттық хоккей федерациялары мүше болып табылады. Люк Тардифф басқаратын халықаралық ұйым 1908 жылы құрылған.