Қазақстан бокс федерациясының баспасөз хатшысы Аян Төлеген Vesti.kz тілшісіне 71 келіге дейінгі салмақта қазіргі әлем чемпионы Асланбек Шымбергеновтің 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарына қатыспауы мүмкін және оны басқа боксшы алмастыратыны туралы ақпаратқа түсініктеме берді.
«Спартакиаданың барлық жеңімпаздары екінші лицензиялық турнирге Италияға аттанады.Асланбек Шымбергенов әлем чемпионы және Азия ойындарының жүлдегері қатарында болғандықтан бұл турнирді жіберіп алды. Ол сөзсіз фаворит қатарында және Бусто-Арсициодағы Бүкіләлемдік лицензиялық турнирге бару құқығына ие болды. Бұл Олимпиада ойындарына іріктеудің екінші кезеңі болмақ. Онда оның өзін қалай көрсететінін көреміз. Егер өзін көрсете алмаса, онда кез келген басқа боксшы оның орнын алады. Бірақ бұл үшін әлеуетті қатысушы осы құқықты жеңіп алуы керек! Ал қалғаны қазір қауесет деңгейінде», — деді Төлеген.
Бусто-Арсициодағы (Италия) лицензиялық турнир 29 ақпан мен 12 наурыз аралығында өтеді. Онда 49 лицензия ойнатылады.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылғы әуесқойлар арасындағы әлем чемпионы Шымбергенов Астанада өткен «Night of Champions IVA» турнирінде мексикалық Хосе Мигель Боррегодан күтпеген жерден жеңіліп қалды.
Сондай-ақ бұл турнирде екі жылдан бері жұдырықтаспаған Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов те өнер көрсетті. Олимпиадалық салмақта өткен жекпе-жекте қазақстандық былғары қолғап шебері оңтүстік африкалық Джабулани Макенсті сенімді түрде жеңді.
Қазіргі таңда Қазақстанның бокстан екі Олимпиада лицензиясы бар. Олардың иегерлері 92 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түсетін Қамшыбек Коңқабаев пен 57 келіге дейінгі салмақтағы Карина Ибрагимова.