Қазақстандық «Номад» командасы Уэльсте өтіп жатқан Қүрлық кубогында мерзімінен бұрын жеңіске жетті.
«Көшпенділердің» шабуылшысы Даниил Цыбин Ұлыбританиядан алған әсерімен және Құрлық кубогындағы соққан алғашқы голы туралы ой бөлісті.
— Ұлыбритания қалай екен? Тұманды Альбионды аралап көрдіңіз бе?
— Ұлыбритания өте әдемі. Бізге бұл ел ұнады. Қаланы аралап, көрікті жерлерді және әдемі сарайларды тамашалауға уақыт таптық.
– Турнирдің ұйымдастырылуы туралы не айтасыз?
– Турнирдің ұйымдастырылуы өте жақсы. Ұсақ-түйекке дейін барлығы ойластырылған. Үздік ойыншылар марапатталып жатыр. Трибунада жанкүйерлер көп. Алайда біздің жанкүйерлеріміздің жоқтығы өкінішті.
— Алғашқы екі қарсыластарыңыз қалай? Қай командамен ойнау қиын болды?
— Командалардың деңгейі өте жоғары. Оларға қарсы ойнау қиын. Бірақ біздің команда біртұтас және жақсы дайындалған. Сондықтан біз екі командамен де сынға түсіп, жеңіске жеттік.
– Бұл командалардың деңгейі Қазақстан чемпионатынан қаншалықты ерекшеленеді?
– Қазақстан чемпионатында жылдам және агрессивті ойнайды. Бірақ бұл турнирде хоккейшілер екі, тіпті үш есе жылдам ойнайды. Ойын барысында кортта да, бестік сызықта да салмақты тартыс және әлдеқайда агрессивті, күшті күрес жүріп жатады.
– Екінші матчта гол соқтыңыз. Алған әсеріңіз қандай және бұл сіз үшін қаншалықты маңызды?
— Гол соға алғаныма қуаныштымын! Өйткені мен соққан әрбір гол мені сенімділік пен алға жылжуға, дұрыс бағытта жұмыс істеуге жігерлендіреді. Командаластарыма рахмет. Жалпы, эмоция басым болды.
— Алда тағы бір матч бар. Сіз қарсылас команда туралы не білесіз және ойын алдындағы көңіл-күйіңіз қандай?
— Қарсыласымызды жақсы білмеймін. Ең бастысы, командада, менде керемет мотивация бар. Өйткені біз жеңіске жету үшін жақсы екі қадам жасадық. Құрлық кубогын мерзімінен бұрын жеңіп алғанымызға қарамастан, Польшамен кездесуге шығып, жеңіске жетуге дайынбыз.